Блог статистикасы
196
Blog
2540
Апелляциялық
106767
келушілер
Облыстық Басқармалар
(жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын)
Областные управления и департаменты
(финансируемые из республиканского бюджета)
Басу хат жіберу 17 Июля 2017

«Жаңа Заң – заман талабымен үндес»

«Жаңа Заң – заман талабымен үндес»

Жүргізуші: Елімізде «Прокуратура туралы» жаңа заң күшіне еніп отыр. Бұл құқықтық құжат қадағалаушы саланың қызмет өрісін кеңейтумен қатар, азаматтардың прокуратура органдарына деген сенімін күшейте түсері анық. Біз бүгін қабылданған жаңа заңның барлық тетіктерімен оқырманды таныс ету мақсатында Қостанай облысының прокуроры Қайбжанов Марат Жолмағамбетұлымен сұхбаттастық.

- Марат Жолмағамбетұлы. Алдымен қояр сауалымыз – аталған жаңа заңды қабылдау қажеттілігінің қандай себептері болғанын айтып берсеңіз.
- 2017 жылдың 10 наурызында «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңына қол қойылды. Сол кезден бастап прокуратура органдарының құзіреттілігіне қатысты талқылаулар толастаған емес. Мемлекет тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңінде мемлекеттік органдар орындауға тиісті функциялардың көбі прокуратураға жүктелген. Прокуратура өзінің бастамасымен кейбір құзіреттіліктерден бас тартқандықтан, жаңа «Прокуратура туралы» Заң қабылдау керек болды. Бұның барлығы халық үшін маңызды мәселелерді шешуге ерекше көңіл бөлу үшін атқарылды. Еліміздің Бас Прокуроры прокуратура туралы заңнамаға жаңа өзгерістер енгізу қажеттілігін Парламент алдында өзі ұсынды.

- Қазіргі таңда мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін қадағалау аса жауапты міндет екені рас. Жаңа заңда осы жағына қандай да бір артықшылықтар берілген бе?
- Мемлекеттік емес меншік формасындағы мекемелерді қадағалауды тек Мемлекет Басшысының және Бас Прокурордың тапсырмасы бойынша жүзеге асырамыз. Облыс прокуроры, қала және аудан прокурорлары мынадай жағдайларда мемлекеттік органдар қызметіне тексеріс тағайындап, өткізуге құқылы, ол:
Біріншіден, егер азамат өзін-өзі қорғай алмайтын жағдайда болса. Бұл топқа жетім және мүгедек балалар, 1, 2 топтағы мүгедектер, өзін қорғауға қабілетсіз жандар кіреді;
Екіншіден, көптеген азаматтардың құқықтары бұзылғанда. Ол құқықтары бұзылған адамдарды алдын-ала есептеу және жеке анықтау мүмкін емес немесе қиын болған жағдайлар. Мысалы, агроөнеркәсіп кешенінде субсидиялау заңдылығы, монополистердің тарифтері немесе үлескерлер;
Үшіншіден, адамның өмірі мен денсаулығына немесе мемлекет қауіпсіздігіне түзетілмес зиян келтірілу қаупі бар болса. Мысалы, облыстағы су тасқынына байланысты жағдай, қоршаған ортаны заңсыз ластау және сондай мәселелер.

- Бұдан былай прокуратураның азаматтар тарапынан түскен өтініштерін қарау тәртібінде өзгерістер бола ма?
- Азаматтарды қабылдау тәртібі өзгерді. Енді прокурор қарастыратын арыздардың үш түрі белгіленіп отыр. Өздерін қорғай алмайтын арызданушылар; жалпылай азаматтардың құқықтары; және адамның өмірі мен денсаулығына немесе мемлекет қауіпсіздігіне түзетілмес зиян келтірілудің алдын алу үшін қажет болған жағдайда. Сонымен қатар, Мемлекет Басшысы мен Бас Прокурордың тапсырмалары бойынша, кез келген арыз-шағымдар қараусыз қалмайды.
Бұрын прокуратура барлық өтініштерді қабылдап, оларды қарастырып келді. Азаматтар мен заңды тұлғалар кез келген сұрақ бойынша прокуратураға арыз беруге үйреніп қалған. Оның бәрі, артық тексерістер өткізуге әкеледі, мемлекеттік органдар мен арызданушылар арасында хат алмасулар көбейді. Прокуратураға жүктеме тым көп болды да, ең маңызды мәселелерді шешу үшін ресурстар жетіспеді. Енді арыздарды құзыры бойынша мемлекеттік органдар қарастыратын болады. Олардың шешімдерімен келіспесе, адамдар сотқа немесе жоғары тұрған лауазымды тұлғаға жүгіне алады.
Айта кетерлік жағдай, мемлекеттік органдар арыздарды қабылдап, қарастырғанда оның сапалы жасалуын қамтамасыз етуге тиіс. Бұл мәселеде біз көмек көрсетуге, кеңестер беруге әзірміз.

- Ал жаңа заң бойынша жоғарыдан қадағалау қалай жүзеге асырылмақ?
- Жаңа қадағалауды үш саты бойынша жүзеге асыратын боламыз – тексерістер, талдау және құқықтық актілерді бағалау. Тексерістер жөнінде жоғарыда айтып кеттім. Талдау процесі деген ол – статистиканы, мемлекеттік және халықаралық ұйымдардың мәліметтерін, бұқаралық ақпарат құралдарының, әкімшілік, азаматтық және қылмыстық істердің материалдарын және басқа да ақпарат көздерін зерттеу. Бүгінгі таңда қазіргі заманғы технологияларды меңгеріп, енгізудеміз. Ол құқық қорғау, арнайы мемлекеттік және басқа да органдардың ақпарат алмасу жүйелерімен біріккен әртүрлі ақпараттық жүйелер мен ресурстар. Оның барлығы сәйкес заңнамалық актілермен және Бас Прокурордың актілерімен реттеледі.
Талдау нәтижелері бойынша прокурорлық қадағалау немесе ықпал ету актілері енгізіледі.
Жаңа заңда прокурор актілерінің жүйесі түзетіліп отыр. Біріншіден, олардың саны азайды, егер бұрын 11 болса, қазір 9 ғана (ескерту мен ұйғарым енді болмайды). Екіншіден, актілер екі топқа бөлінді – қадағалау актілері және ықпал ету актілері.
Олардың айырмашылығы неде? Қадағалау актілері – ұсыныс, наразылық, санкция, нұсқау және қаулы. Ықпал ету актілері – ол өтінішхат, арыз, өтініш, заңды түсіндіру. Бұлардың айырмашылығы, қадағалау актілерін орындау міндетті, ал ықпал ету актілері ұсыныс сипатына ие.
Заңды түсіндірудің мазмұны өзгертілді. Бұрын біз бұл актіні мемлекеттік органдарға заңның кейбір нормаларын қалай қолдану керектігін түсіндіру үшін енгізетінбіз. Ал қазір қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатымен, сонымен қатар, дайындалып жатқан құқыққа қарсы іс-әрекеттер туралы мәлімет болған жағдайда қолданамыз.

- Бұдан басқа, прокурорлардың сот процестеріне қатысуы жағынан қандай айрықша жаңашылдықтар бар?
- Бұрын прокурорлар азаматтық процесте көптеген істерге қатысып келді. Оның ішінде еңбекақыға байланысты дау, шығынды және денсаулыққа келген зиянды өндірту, үйден шығару, бала асырап алу, күштеп емдеуге жіберу, өзін қорғауға қабілетсіз деп тану, із-түссіз жоғалған деп тану туралы және тағы басқа жағдайларда. Яғни, бұлардың барлығы мемлекет мүддесіне қатысы жоқ дауларға жатады. Енді Жаңа Заң қабылданғаннан кейін барлық процестерге қатыса бермейміз. Бұдан былай, тек мемлекеттік және қоғамдық мүддені қорғауға және өзін қорғауға қабілетсіз азаматтардың дауына араласатын боламыз. Ондай істердің санаттары жаңа Азаматтық-процестік кодексте және Бас Прокурордың бұйрығында анықталатын болады.
Тағы бір айта кететін жағдай, әкімшілік өндірісте кассациялық қайта қарау тәртібі де өзгерді. Бұрын Жоғарғы Сот әкімшілік істерді тек Бас Прокурордың наразылығы бойынша қарастыратын. Енді азаматтардың өздері Жоғарғы Сотқа жүгіне алады.

- Сот актілерінің орындалуы – қоғам үшін де, азаматтар үшін де маңызды мәселе. Бұл саладағы бетбұрыстарға да тоқталсаңыз.
- Жаңа Заңда атқару өндірісіндегі қадағалау нақты белгіленген. Қазіргі уақытта өндіріп алудың негізгі бөлігі жеке сот орындаушыларының өкілеттігінде. Атқару парағын қай жеке сот орындаушысына беруді азаматтар өздері шешеді және онымен келісім жасайды. Сондықтан атқару өндірісіне жаппай қадағалау жасалмайды. Басты назарда мемлекеттік және қоғамдық мүдделерді қорғау тұрады.
Жұмыстың барлығы тексерістер мен талдау жасаудың жалпы талаптарына негізделетін болады. Сондықтан прокурор үш жағдайда араласады:
1) денсаулық, психикалық және басқа жағдайларына байланысты өз құқықтарын қорғай алмайтын адамдардың құқықтары бұзылса;
2) жалпылай азаматтардың құқықтары бұзылса;
3) тұлғаларға, қоғамға және мемлекетке қатысты, егер ол адамдардың өмірі мен денсаулығына немесе Қазақстан Республикасының қауіпсіздігіне түзетілмес зиян келтірілудің алдын алу үшін қажет болса.
Алдыңғы қатарға сот бақылауы шығады. Сот орындаушысының іс-әрекетін даулайтын болсаң – сотқа бар. Сот орындаушысын бұзушылықтарды жоюға сот міндеттейді.
Мемлекеттік айыптауды қолдау бұрынғыдай барлық қылмыстық істер бойынша жүзеге асырылады, жеке айыптау істерінен басқа. Сот актісімен келіспеген жағдайда прокурор үкімді жою немесе өзгерту туралы апелляциялық өтініш жасай алады.

- Бас Прокурор Мәжілісте сөйлеген сөзінде «біз қылмыстық процестерде көп боламыз» деген еді. Яғни, мұны да мемлекеттің қоғам алдындағы үлкен жауапкершілігі деп түсінуіміз қажет қой?
- Бұл бағыт қадағалау қызметінің басты бағыты болып белгіленді, себебі қылмыстық процесте азаматтың құқықтарының бұзылуы оған ең қатты зиян келтіреді.
Біздің бірінші мақсатымыз – процесуалдық прокурор институтын кеңейту, ол бізді қылмыстық процестің жаңа үлгісіне барынша жақындатады. Маусым айынан бастап облысымызда процессуалды прокурорлар ауыр және аса ауыр істердің барлығы бойынша қадағалауды қамтамасыз етеді. Осы ұстанымдарды бекітіп, одан әрі кеңейтеміз.
Екіншіден, материалдың Сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай реестрінде тіркелуінен бастап заңдылығын қамтамасыз ету. Егер қылмыстық тергеу үшін негіз жоқ болса, іс үш күннен кешіктірмей жабылуға тиісті. Жылдың екінші тоқсанында осындай мерзім ішінде 40%, бірінші тоқсанында – 15% қысқартылды. Мұндай нәтиже азаматтардың прокуратура органдарына арыздану санын 24 пайызға төмендетті.
Үшіншіден, қылмыстық процестің оңтайландырылуы, оны жылдам және қарапайым ету. Маусым айында біз бастама жобаны іске асырдық және анық қылмыстар бойынша істердің 80 пайызы 10 тәулік ішінде сотқа жіберілді.
Бұдан бөлек, кезекші прокурор институты одан әрі дамитын болады. Яғни, прокурор қылмыстық тергеу органының ғимаратында отырып-ақ, сол жердегі барлық бұзушылықтарды жоятын болады. Атап айтсақ, былтырдан бастап облысымызда Ведомствоаралық азаптауға қарсы жоспар жүзеге асырылып келеді. 2016 жылы азаптауға байланысты арыздар саны 50 пайызға, ал биылғы жылы 60 пайызға азайды. Әкімдіктердің көмегімен барлық қалалар мен аудандарда ашық тергеу кабинеттерін жасаймыз, ол мәселені толық жоюға мүмкіндік береді деп үміттенеміз.
Төртіншіден, электронды қылмыстық істі енгізу. Процесті цифрландыру оны ашық, жедел, манипуляция мен жалғандықтан аулақ етеді.
Бесіншіден, қылмыспен күресуді үйлестіру мәселесі прокурорларда қалады. Өзара байланысты орнату тәжірибесі бізде бар. Ұрлыққа қарсы күреске назар аударылады. 2014-2016 жылдары облыстың жалпы қылмыстылығы 21 пайызға, ал биыл 26 пайызға төмендегенін айта кету керек.
Мен елеулі өзгерістерге ұшыраған қадағалау салаларына ғана тоқталып өттім. Жоғарыда айтылғаннан басқа, прокурорлар (бұрынғыдай) жергілікті өкілетті және атқарушы органдар актілерінің заңдылығына, жазаның орындалуы мен мемлекеттік мәжбүрлеудің өзге жолдарының қолдану заңдылығына, халықаралық келісім-шарттардың орындалуына, мемлекеттік құқықтық статистика және арнайы есептер саласындағы заңдылыққа қадағалау жасайды.
Айтқанымды қорытындылай келе, Бас Прокурордың Парламент мәжілісінде айтылған сөздерімен аяқтағым келеді: «Өкілеттігіміздің бір бөлігінен біз өзіміз бас тарттық. Осының барлығы адамдардың мүддесі үшін. Азаматтардың қорғалуы одан зардап шекпейді».

- Уақыт бөліп әңгімелесіп, жаңа заңның тетіктерін түсіндіргеніңізге алғыс білдіреміз!

хат жіберу