Блог статистикасы
196
Blog
2516
Апелляциялық
103342
келушілер
Облыстық Басқармалар
(жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын)
Областные управления и департаменты
(финансируемые из республиканского бюджета)

Регламент


«Федоров ауданы әкімінің аппараты» мемлекеттік мекемесі
жұмысының регламенті

 

1.Жалпы ережелер

1. Федоров ауданы әкімінің аппараты (бұдан әрі – Аппарат) және оның құрылымдық бөлімшелері аудан әкімінің және әкімдіктің қызметін ақпараттық-талдау, ұйымдастыру-құқықтық және материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етеді.
2. Аппарат қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы, «Әкімшілік рәсімдер туралы» 2000 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңдарымен, Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік актілерімен, әкімдіктің регламентімен және осы Регламентпен реттеледі.
3. Іс жүргізуді ұйымдастыруды және жүргізуді, әкімдікке, аудан әкіміне, аудан әкімінің орынбасарларына, Аппарат басшысына, бұған қоса байланыстың түрлі арналары арқылы келіп түскен хабарлар мен деректерді беруді, осы Регламентте көрсетілген тәртіппен жүзеге асырылады.
Аппаратта іс қағаздарын жүргізу мемлекеттік тілде жүзеге асырылады, қажет болса қосымша орыс тіліндегі нұсқасы беріледі. Нормативтік құқықтық актілерден басқа фирмалық бланкілерде құжаттардың мәтіндері тек мемлекеттік тілде жүзеге асырылады.
4. Соттарда аудан әкімінің тапсырмасы бойынша Аппараттың, әкімдіктің және әкімнің өкілдігін ұсынуда және мүддесін қорғауды Аппараттың заң бөлімі жүзеге асырады.
5. Аудан әкімдігі мен әкімнің нормативтік-құқықтық актілеріне ресми түсінік беруді аудан әкімінің тапсырмасы бойынша Аппараттың заң бөлімі жүзеге асырады.
6. Аудан әкімінің орынбасарлары аудан әкімі белгілеген міндеттерді бөлуге сәйкес функцияларды орындайды. Әкім ұзақ мерзімге болмаған жағдайда немесе өз міндеттерін орындауға мүмкіндігі болмағанда оның өкілеттіктерін орынбасары жүзеге асырады.
7. Аппарат қызметшілерінің лауазымдық міндеттерін бөлім басшылары әзірлейді және әкім бекітеді.

 

2. Кіретін және шығатын хат-хабарларды
қабылдау мен жөнелту

8. Аппарат, әкімдік, әкім, оның орынбасарлары немесе Аппараттың құрылымдық бөлімшелері атына келіп түскен хат-хабарлар тіркеледі, алдын-ала құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінде қаралады, одан кейін құзыретіне және қызмет бөлісулеріне сәйкес орындаушылар мен орындау мерзімін көрсету және қарап, нақты тапсырмаларды (қарарларды) анықтау үшін басшылыққа беріледі.
9. Орталық және жергілікті мемлекеттік жоғары тұрған органдардың құжаттары (актілер, тапсырмасы бар құжаттар, хаттар) сондай - ақ аудан әкімі атына жазылған заңды және жеке тұлғалардың өтініштері құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі қарау және қарар соғу үшін аудан әкіміне беріледі.
Аудан әкімінің орынбасарларына, аппарат басшысына, Аппараттың жауапты қызметкерлеріне бағытталған орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, заңды және жеке тұлғалардың хаттары мен өтініштерін тиісті лауазымды тұлғаның қарауы үшін құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі жібереді.
10. Егер, мәселе белгіленген құзырет шеңберінен шығатын болса, онда өкілетті лауазым иесі құжаттамалық қамтамасыз ету бөліміне өтінішті құзырлы мемлекеттік органға немесе лауазымды тұлғаға үш күннен аспайтын мерзімде арыз иесіне ескертумен қоса жібереді.
Егер құжаттың Аппаратқа қайтарылуы талап етілсе, онда құжаттың міндетті түрде қайтарылуы туралы белгі соғылуы тиіс.
11. Құжаттардың сақталуы қарарға сәйкес атқарушыларға жүктеледі.
12. Қызметтік құжаттарды бақылаудан міндет бөлісулеріне сәйкес әкім, оның орынбасарлары және аппарат басшысы алады.
13. Аппараттың бөлім меңгерушілері олардың өкілеттіктеріне сәйкес жетекшілік жасайтын салалары бойынша құжаттарды қарай алады, төменгі ұйымдардан қажетті ақпараттар ала алады.
14. Әкімдіктің және әкімнің атынан құжаттарға әкім, ол жоқ кезде қаралатын мәселелер құзыретіне жататын әкімнің бірінші орынбасары немесе әкім уәкілеттеген басқа тұлға қол қояды, Аппарат атынан – аппарат басшысы қол қояды, ол болмағанда – өкілетті тұлға.
15. Аппараттың барлық хат-хабарларын жөнелтуді құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі жүргізеді. Барлық шығатын хат-хабарлар құжаттамалық қамтамасыз ету бөліміне түскен күні жіберіледі, жеделхаттар және жедел хат-хабарлар шұғыл түрде қабылданып, жіберіледі.
16. Құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы қызметтік құжаттардың белгіленген қозғалыс тәртібіне жүйелі бақылау жасайды, жұмыс жағдайын талдайды, бұл жөнінде аппараттың басшысын хабардар етеді.
17. Аппараттың құжаттарын көбейтуге және көшірмесін алуға аппарат басшысы мен құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы рұқсат береді.
18. Барлық атқарушыларға алған Аппараттың ресми бланкілерін мақсатты пайдаланғаны үшін жеке жауапкершілік жүктеледі.

 

3. Жұмысты жоспарлау

19. Аппарат өз жұмысын негізгі іс-шаралардың жылдық, тоқсандық және айлық негізгі іс-шаралар жоспарлары және әкімдіктің қарауына енгізілетін мәселелердің тоқсандық тізбесі бойынша құрады.
20. Әкімдіктің қарауына енгізілетін мәселелердің тоқсандық тізбесі әкімнің өкімімен бекітіледі.
Жылдық, тоқсандақ және айлық, негізгі іс-шаралардың жоспарларын аппарат басшысы бекітеді.
21. Аудан әкімдігінің бөлімдері және Аппараттың бөлімдерді әкімдіктің қарауына енгізетін мәселелерінің тізбесіне және жұмыс жоспарының жобасына өз ұсыныстарын жазбаша түрде әкімнің орынбасарларына және аппарат басшысына жоспарлау кезеңінің басталуынан 10 күн бұрын енгізеді. Мәселелердің барлығы, Үкіметтің, облыс және аудан әкімі, әкімдігі мен мәслихатының құқықтық актілерінде көзделген мемлекеттік саясатты іске асыруға немесе халықтың тыныс тіршілігін қамтамасыз ету мүдесін, экономикасын дамытуды қозғайтын мәселелерге қатысты болуға тиіс.
22. Аппарат жұмысы жоспарының орындалуын бақылау жасауды ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімі және аппарат басшысы жүзеге асырады.
23. Аппараттың жұмыс жоспары аудан әкімі орынбасарларына, Аппараттың бөлім басшыларына, аппарат басшысына жіберіледі.

 

4. Әкімдіктің отырыстарын дайындау және өткізу

24. Әкімдіктің отырыстарын дайындау және өткізу тәртібі Федоров ауданы әкімдігінің регламентімен белгіленеді.
25. Әкімдіктің негізгі қызмет нысаны айына кем дегенде бір рет өткізілетін отырысы болып табылады және оны әкім шақырады.
26. Әкімдік отырысында қаралатын мәселелерді, басқа да отырысты өткізу жөніндегі ұйымдастыру шараларын дайындауды аппарат басшысы мен Аппараттың тиісті бөлімдері жүзеге асырады.
27. Әкімдік отырысында қаралуға тиісті жоспарланған мәселені алып тастау немесе оның қаралуын кейінге қалдыру туралы шешімді осы мәселеге жетекшілік ететін әкім орынбасарымен келісе отырып, аудан әкімі немесе оның келісімімен мәселені дайындауға жауапты лауазымды тұлғаның қолы қойылған жазбаша өтініші негізінде аппарат басшысы қабылдайды.

 

5. Аудан әкімінің шешімдері мен өкімдерін, әкімдік
қаулыларын дайындау, ресімдеу, көбейту және тарату тәртібі

28. Әкімдік қаулыларының, аудан әкімінің шешімдері мен өкімдерінің жобаларын дайындау «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы, «Нормативтік-құқықтық актілер туралы» 1998 жылғы 24 наурыздағы, «Әкімшілік рәсімдер туралы» 2000 жылғы 27 қарашадағы Қазақстан Республикасының заңдарына, Үкіметтің тіркеу және нормативтік-құқықтық актілердің жариялану мәселелері жөніндегі қаулыларына, сондай-ақ аудан әкімі бекіткен іс жүргізу жөніндегі регламенттер мен нұсқаулықтарға сәйкес жүзеге асырылады.
29. Жобаны әзірлеуді жүзеге асыратын аудантық бөлімнің бірінші басшысы, Аппараттың бөлім басшылары оның уақытылы, сапалы дайындалуына, мүдделі атқарушы органдармен, басқа да ұйымдармен келісіп алуына, әкімдіктің немесе әкімнің қарауына белгіленген мерзімде жобаны ұсынуына жеке жауап береді.
30. Құжат жобасы осы регламент талаптарын бұза отырып дайындалған жағдайда құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы оны жетілдіруге қайтарады.
31. «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы Заңына сәйкес жеке кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделеріне қатысы бар әкімдік қаулыларының жобаларын әзірлеуші сараптамалық қорытынды алу үшін аудан әкімдігі жанындағы сараптамалық кеңеске жібереді және ол әкімдік отырысының немесе сараптамалық кеңестің отырысында қаралғанға дейін міндетті түрде бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстарды жариялауға (таратуға) жатады.
32. Ведомстволық бағыныстағы ұйымдар дайындаған әкімдік қаулысының, әкім шешімінің (өкімінің) жобасы бірінші басшы қол қойған ілеспе хатпен, құжатты қабылдауға негіз болған анықтамамен және талқылау үшін шақырылғандардың тізімімен бірге Аппараттың тиісті бөліміне беріледі. Әкімдіктің қаулы жобасы әкімдік отырысында талқыланады және хаттамамен ресімделеді.
33. Әкім қол қойған шешімнің, өкімнің және қаулының тұпнұсқасы заң бөліміне беріледі.
Жобаны әзірлеуші тарату парағын толтырады және қабылданған актінің электрондық нұсқасын табыс етеді.
Тұпнұсқаға қол қойғаннан кейін оған түзетулер енгізуге болмайды.
34. Құжаттарды уақытында шығару және таратуға құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі жауап береді.
35. Заң бөлімімен алдын ала белгіленген тіркелген шешімдер мен әкімдік қаулыларын әділет органдарына мемлекеттік тіркеуге жіберу үшін заң бөліміне анықтама-негіздеме мен аппарат басшысының қолы қойылған ілеспе хатты әзірлеу үшін заң бөліміне жібереді.
Әділет органдарында нормативтік-құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеуден өткізілуіне бақылау жасауды Аппараттың заң бөлімі жүзеге асырады.
36. Мемлекеттік тіркеуден өткен әкімдіктің қаулылар мен аудан әкімінің шешімдері жедел электрондық түрінде заңнамада белгіленген тәртіппен ресми жариялауды жүзеге асыруға құқығы бар бұқаралық ақпарат құралдарына жариялау үшін және Әділет министрлігі Құқықтық ақпарат орталығының аумақтық бөлімшесіне «Заң» деректер базасына қосу үшін жіберіледі.
37. Жобалары осы регламенттің талаптарын бұза отырып енгізілген жағдайда қабылданған шешімдерге, өкімдерге, қаулыларға орындаушы (жобаны әзірлеуші) жауап береді.
38. Техникалық қателері бар бұрындары жіберілген қаулыларды, шешімдерді және өкімдерді айырбастау тек аппарат басшысының рұқсатымен ғана жүргізілуі мүмкін, мұндай жағдайда бастапқыда жіберілген құжаттар құжаттамалық қамтамасыз ету бөліміне қайтарылуға тиіс.

 

6. Орындалуды бақылауды ұйымдастыру тәртібі

39. Президенттің, Үкіметтің, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің, облыс әкімдіктің және әкімнің, аудан әкімдіктің және әкімнің актілерін орындауды талдау Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2001 жылғы 31 желтоқсандағы № 168 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң Кеңсесiнде, орталық және жергiлiктi атқарушы органдарда құжаттардың орындалуын бақылауды ұйымдастыру жөнiндегi нұсқаулыққа, «Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының жобаларын дайындау, келісу, қол қоюға ұсыну, Қазақстан Республикасы Президентінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асыру және Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтарына мониторинг жүргізу, ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2010 жылғы 27 сәуірдегі № 976 Жарлығына, осы Регламентке сәйкес жүзеге асырылады.
40. Бақылауға мынадай құжаттар (бұдан әрі – бақылаудағы құжаттар) алынады:
актілер және тапсырмалар:
Президенттің, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшыларының;
Үкіметтің, Премьер-Министрдің, оның орынбасарларының және Қазақстан Республикасы Премьер-Министр Кеңсесі басшыларының;
әкімдіктің, аудан әкімінің, оның орынбасарларының және аудан әкімі аппараты басшысының (оның ішінде мәжіліс хаттамаларында және іс-шаралар жоспарында барлар);
Парламент депутаттарының сұраныстары, өздерінің құзыреттері шегінде мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың өзге де тапсырмалары.
41. Аппаратта көрсетілген құжаттардың орындалуын бақылауға жауапты, лауазымды тұлғалар:
1) Аппарат басшысы жалпы басшылықты және бақылаудағы құжаттардың уақытылы және сапалы орындалуына бақылауды жүзеге асырады;
2) Аппарат басшысының орынбасарлары, бөлім басшылары, Аппараттың жауапты қызметкерлері бақылауды ұйымдастырады және жұмысының жетекшілік ететін бағыттары бойынша бақылаудағы құжаттардың сапалы орындалуын қамтамасыз етеді және мемлекеттік органның бөлімшелерінің тиімді өзара іс-әрекеттерін қамтамасыз етеді.
42. Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы, Президенті Әкімшілігінің Басшылығы және Қазақстан Республикасының Үкіметі, Кеңсе Басшысы белгіленген орындау мерзімдерін ескере отырып, мынадай бақылау түрлеріне қойылады:
1) шұғыл – «өте шұғыл» белгісі бар – үш жұмыс күні ішінде, «шұғыл», «жеделдетілсін» белгісі бар – он жұмыс күніне дейін;
2) қысқа мерзімді – он жұмыс күнінен бір айға дейін;
3) орта мерзімді – бір айдан алты айға дейін;
4) ұзақ мерзімді – алты айдан артық.
43. Қазақстан Республикасы Президентінің, Президент Әкімшілігі Басшылығының, Үкіметтің және Кеңсе Басшысының актілері мен тапсырмаларында белгіленген тапсырмаларды орындау мерзімдері олардың әкімдікке түскен күнінен бастап жұмыс күндерімен есептеледі.
44. Облыс әкімінің, оның орынбасарларының және аппарат басшысының, аудан әкімінің тапсырмаларында құжаттарды орындау мерзімі белгіленеді. Орындау мерзімі көрсетілмесе түскен күннен бастап бір ай мерзімінде орындалады, ал «шұғыл» деген белгісі болса – он жұмыс күні мерзімінде.
45. Кіріс құжаттары құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінде тіркеуден өткеннен және аудан әкімі қарағаннан кейін ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөліміне түседі.
Орындау жөнінде нақтышаралар қабылдауды талап ететін құжатқа «Бақылау» бағдарламасында бақылау-тіркеу кәртішкесі толтырылады.
46. Тапсырмаларды бірнеше адам орындайтын болғанда тегінің тұсында «(жинақтау)» белгісі жауап беруші болып табылады. Тапсырмада жауапты орындаушы анықталмаған жағдайда, яғни «(жинақтау)» белгісі болмаса, тапсырмада көрсетілген барлық мемлекеттік органдар мен тұлғалар бақылауда тұрған құжаттың орындалуына бірдей жауапты болып табылады, алайда, жиынтықтауды алғашқы көрсетілген орындаушы жүзеге асырады.
47. Аудан әкімінің орынбасарларына, аппарат басшысына, бөлім меңгерушілеріне түскен құжаттардың орындалу мерзіміне бақылау жасауды міндеттік бөлісуге және лауазымдық нұсқаулықтарға сәйкес олар уәкілеттеген лауазымды тұлғалар, бұдан әрі «бақылауға жауапты адамдар» жүзеге асырады.
48. Бөлім құқықтық актіге белгіленген орындалу мерзімі өткенге дейін орындаушыға тиісті жазбаша ескерту жібереді.
Қызметтік құжаттар бойынша тапсырмалардың орындалу мерзіміне бақылауды құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі жүзеге асырады.
Тапсырманы белгіленген мерзімде орындауға мүмкіндік болмаған жағдайда орындаушы 1 күннен кешіктірмей орындау мерзімін ұзарту туралы өтінішпен жоғары тұрған сатыға шығуы тиіс, бақылауға жауапты адам ол туралы ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөліміне жазбаша түрде хабарлауы қажет.
49. Мерзімін ұзарту, оның ішінде орта мерзімді немесе ұзақ мерзімдіге ауыстыруға аудан әкімінің, оның орынбасарларының және аппарат басшысының шешімі бойынша бір-ақ рет рұқсат етіледі.
Актінің тармағын немесе тапсырмалардың орындалуы мерзімін қайтадан ұзартуға аудан әкімінің, оның орынбасарларының және аппарат басшысының шешімі бойынша айрықша жағдайда тәртіптік жауапкершілігі туралы мәселені қарай отыра жол беріледі.
50. Құжаттар бақылаудан аудан әкімінің, оның орынбасарларының, аппарат басшысының орындалуы туралы анықтама-ақпаратындағы бұрыштамасымен алынады, сондай-ақ: жаңа құжат негізінде өз күшін жоғалтқанда; акті жойылғанда немесе оларда белгіленген қолданыстағы мерзімі өткенде; қойылған мәселелер толығымен шешілгенде және ол туралы құжатты шығарған мемлекеттік органды немесе лауазымды тұлғаны хабардар қылғанды.
51. Құжатты бақылаудан алғаннан кейін атқарушы сол күні мүдделі тұлғаларға хабар береді.
52. Бақылаудағы құжаттардың белгіленген орындалуы мерзімін сақтамау немесе сапасыз орындау тәртіптік теріс қылық болып табылады. Мерзімді сақтамау немесе бақылаудағы құжаттарды сапасыз орындау фактілері бойынша «Қазақстан Республикасы әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге тәртіптік жаза қолдану ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 31 желтоқсандағы № 321 Жарлығымен белгіленген тәртіппен қызметтік тексеру жүргізіледі, соның нәтижесі бойынша кінәлі лауазымды тұлғалар тәртіптік жауапкершілікке тартылады.

 

7. Кадрлармен жұмыс

53. Кадрлармен жұмысты «Мемлекеттік қызмет туралы» Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 23 шілдедегі Заңына сәйкес Аппараттың ұйымдастыру-бақылау жұмысы бөлімі қамтамасыз етеді:
аудан әкімі аппаратының, ауылдық округтар әкімі аппаратының, әкімдік бөлімдерінің персоналды басқару бірыңғай жүйесін құрады;
мемлекеттік қызметтің бос лауазымдарына алуға конкурстар, аттестаттау, ант қабылдау, мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызмет лауазымдарын алу кезінде сынақтан өтуін жүргізуді қамтамасыз етеді.

кадрлармен жұмыс бөлімінде есепке алуға жатқызылған мемлекеттік қызметшілерге жеке іс қағаздарын қалыптастырады, олардың қызметтік тізімдерін қажетті жазбалар енгізеді;
мемлекеттік органдардың кадрларға соның ішінде мамандығы мен біліктілігі бойынша қажеттілігіне талдау жүргізіді және жоспарлайды;
мемлекеттік қызметшілердің қызметін бағалау, аттестациядан өту процедураларын сақтауды қамтамасыз ету;
кадрлар мәселелері бойынша аттестациялау, тәртіптік және өзге де комиссиялардың қызметін ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
мемлекеттік органдардың кадрларды кәсіби дамытуын соның ішінде қайта даярлау және біліктілігін арттыруды ұйымдастыру жолымен қамтамасыз ету;
мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызмет туралы еңбек заңнамаларын орындауды, еңбек режимы мен шарттарын сақтауды сондай-ақ мемлекеттік қызметте болуымен байланысты шектеулерді сақтауды қамтамасыз ету.

 

8. Ақпараттық технологиялар және мемлекеттік қызмет мониторингі

54. Ақпарат және «электрондық үкімет» саласында мемлекеттік саясатты іске асыру, мемлекеттік қызмет көрсету саласында қоғамдық қатынастарды мемлекеттік реттеу Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 11 қаңтардағы «Ақпараттандыру туралы», 2013 жылғы 15 сәуірдегі «Мемлекеттік қызмет көрсетулер туралы» заңдарына сәйкес жүзеге асырылады және ақпараттық технологиялар мен мемлекеттік қзмет көрсету бөлімі қамтамасыз етеді:
«электрондық үкімет» инфрақұрылымын дамыту жөніндегі іс-шараларын үйлестіруді, жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыратын ақпараттық технологияларды ендіру және қолдануын қамтамасыз ету;
ақпараттық технологияларды қолдану және мемлекеттік қызмет көрсету жөнінде мемлекеттік мекемелердің қызметінің тиімділігін бағалау жөніндегі іс-шараларды жүргізу;
мемлекеттік мекемелердің ақпараттық жүйесін құру және іске қосу тәртібін сондай-ақ электрондық қызмет көсрсету тәртібін және осы ақпараттық технологияларды қолдану функцияларын белгілейді;
ауданнның мемлекеттік мекемелерінде бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесін ендіру іс-шараларын жүзеге асыру;
аудан әкімінің интернет-ресурсының қол жетімділігі және ашықтық деңгейінің мониторингін сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету стандарттарын, электрондық қызмет көрсету регламентері мен нұсқаулықтарын жүзеге асыру;
ауылдық округтар әкімінің аппараттары мен әкімдіктің бөлімдері жүзеге асыратын мемлекеттік қызмет көрсету тәртібі туралы халықты ақпараттандырылуын қамтамасыз ету іс-шараларын үйлестіру;
облыс әкімі аппаратының ақпараттық технологиялар және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімімен, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамымен ұйымдастырушылық және ақпараттық байланысты жүзеге асырады.

 

9. Аппаратта жеке қабылдауды ұйымдастыру және жеке
және заңды тұлғалардың өтініштерімен жұмыс

55. Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерімен (бұдан әрі - өтініштер) жұмысты Қазақстан Республикасының заңнамасына, әкімдіктің және Аппараттың регламенттеріне, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі және олардың Аппаратта орындалуына бақылау туралы нұсқаулыққа сәйкес, құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі қамтамасыз етеді.
56. Аппаратта өтініштермен жұмысты дұрыс ұйымдастыруға аппарат басшысы, құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы жауап береді.
57. Өтініштер түскен күні тіркеледі және қарау үшін өтініштердің мазмұнына байланысты міндет бөлісулеріне сәйкес әкімге, орынбасарларға, аппарат басшысына беріледі. Өтініштерді орындау туралы нұсқау қалыптасқан тәртіп бойынша әкімнің, оның орынбасарларының немесе аппарат басшысының қарары нысанында беріледі, содан кейін орындау үшін Аппарат бөлімдеріне, қалалар мен аудан әкімдеріне, мемлекеттік басқару органдарының басшыларына жіберіледі.
58. Азаматтардың өтініштеріне жауаптарды әкім, оның орынбасарлары, аппарат басшысы және олардың тапсырмасымен Аппараттың құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, аудантық мемлекеттік органдардың басшылары және бұған уәкілетті етілген лауазымды тұлғалар жауап береді.
Егер қойылған мәселелер қаралған, олар бойынша қажетті шаралар қолданылған және жауаптар берілген болса, онда өтініштер шешілген болып саналады.
59. Бақылау өтініштері жауаппен бірге құжаттамалық қамтамасыз ету бөліміне қайтарылуға тиіс.
60. Азаматтардың өтініштері бойынша өндірістің тоқтатылуы және оны бақылаудан алу туралы шешімді әкім, оның орынбасарлары мен аппарат басшысы қабылдайды. Түскен өтінішті бақылаудан алуға белгіленген нысан құжаты (қызмет, анықтама немесе мәлімдеушіге жауап) негіз болып табылады. Өтінішті бақылаудан, тәртіп бойынша, оны қарауға тапсырма берген лауазымды тұлға алады.
61. Азаматтарды қабылдау «Азаматтардың орталық және жергілікті атқару органдарында қабылдауды ұйымдастыру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 4 қыркүйектегі № 974 қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
Әкімнің, орынбасарлардың және аппарат басшысының жеке қабылдауы белгіленген күндер мен сағатта кестеге сәйкес жүргізіледі. Қабылдау кестесі Аппарат ғимаратының холында ілініп қойылады және аудантық газеттерде жарияланады, аудан әкімінің сайтына орналастырылады. Басшылықтың жеке қабылдауына кіремдеуші азаматтарды тіркеуді азаматтардың өтініштерімен жұмыс істейтін мамандар жүргізеді.
Егер әкім орынбасарлары болмаған жағдайда немесе оның тапсырмасы бойынша азаматтарды жеке қабылдауды бөлім басшысы жүргізуі мүмкін.
62. Аппараттың жұмыс жоспарларына сәйкес аудан әкіміне ведомстволық бағыныстағы аудантық мекемелерде, азаматтардың өтініштерімен жұмыс жағдайына тексерулер жүргізіледі.

 

10. Қаржылай қамтамасыз ету

63. Аппаратты қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен жүзеге асырылады. Қаржылай қызмет Қазақстан республикасының Бюджет кодексімен, бухгалтерлік есеп пен қаржы есептілік жөніндегі нормативтік құқықтық актілерімен және бухгалтерлік есепті басқару мен қаржы есептілікті жасау туралы ережелермен, өзге де нормативтік актілермен реттеледі
64. Қаржылай қамтамасыз ету бөлімінің негізгі міндеті қаржы жағдайы, қызметінің нәтижесі, аудан әкімі аппаратының қаржы жағдайындағы өзгерістер туралы дұрыс және толық ақпарат беру болып табылады:
1) ашылған кредиттерге сәйкес жәнеқаржыландыру жоспары бойынша нысаналы тағайындауына сәйкес қаражатты дұрыс және үнемдеп жұмсалуына, ақшалай қаражаттың және материалдық құндылықтардың бекітілген жеке қаржыландыру жоспары бойынша сақталуына бақылау жасау;
2) бекітілген жеке қаржыландыру жоспарын орындау барысында туындайтын кәсіпорындармен, мекемелермен уақытылы есеп айырысу, қазынашылық органдарымен және экономика және қаржы бөлімімен өзара әрекет ету жұмысын жүзеге асыру;
3) күн сайын құжаттарды әзірлеу, мемориалды ордерлерді жасау және есеп регистрларға тарату.
65. Материалдық құндылықтарды есепке алу материалдырды, негізгі құралдарды, құны аз керек жарақтарды есепке алу кітаптар, метериалдық құндылықтарды түгендеу оның нәтижесін уақытылы және дұрыс белгілеу арқылы жүргізіледі
66. Қызметкерлердің жалақыларын есептеу, салық ұстау жеке шоттарын, жинақтау зейнеткерлік қорының жарнасын есепке алу, сақтандыру жарнасының карточкасын жүргізу

 

11. Кеңестер мен семинарларды дайындау мен өткізудің,
қалалар және аудандар әкімдері аппараттарының
қызметкерлерін шақыртудың тәртібі

67. Бөлімдердің, басқармалардың, ауылдық округтар әкімдері аппараттарының басшы қызметкерлері шақырылатын кеңестер, семинарлар және басқа да көпшілік шаралар жұмыс жоспарына сәйкес немесе әкімнің, оның орынбасарларының және аппарат басшысының келісімі бойынша өткізіледі.
68. Кеңеске ауылдық округтарының әкімдерін шақырту аудан әкімінің рұқсатымен жүзеге асырылады.
Азаматтарды қабылдаудың Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2002 жылғы 4 қыркүйектегі № 974 «Қазақстан Республикасының орталық және жергілікті атқарушы органдарында азаматтарды қабылдауды ұйымдастыру туралы» қаулысымен белгіленген күндері басшы қызметкерлерді шақыртуға жол берілмейді.
69. Бөлімдер басшыларының, Аппарат қызметкерлерінің аудантан сыртқары жерлерге, ауылдық округтардың әкімдерінің ауданға немесе сыртқары жерлерге шығулары әкіммен, оның орынбасарларымен, аппарат басшысымен келісіледі.
Аппарат қызметкерлерінің аудан ішінде іссапарға шығуының мақсаттылығын әкімнің орынбасарлары, аппарат басшысы, бөлім басшылары анықтайды.

 

12. Аппараттағы жұмыс уақытының регламенті

70. Аппараттың жұмыс күні 9.00-де басталады және 18.00-ге дейін созылады, түскі үзіліс 13.00-ден 14.00-ге дейін.
Аппараттың жауапты және техникалық қызметкерлері үшін нормаланбаған жұмыс күні белгіленеді.
Нормаланбаған жұмыс күні бар қызметкерлерге еңбек заңнамасының негізгі ережелері толығымен тарайды.
71. Әкімдік отырыстарын, жұмысшы кеңестерін, басшыларды шақыру және басқа да іс-шараларды өткізу күндерін аудан әкімі, оның орынбасарлары, аппарат басшысы анықтайды.


хат жіберу